Астанада ауыр атлетикадан Қазақстан чемпионаты өтіп жатыр

698

Бүгін елорда іргесінде жаңадан салынған Көктал-2 елді мекеніндегі дене шынықтыру сауықтыру спорт кешенінде 2008 жылы туған және одан кіші ұлдар мен қыздар арасында ауыр атлетикадан Қазақстан Республикасының жеке-командалық чемпионаты басталды, деп хабарлайды inbusiness.kz  елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Астанада ауыр атлетикадан Қазақстан чемпионаты өтіп жатыр

Чемпионаттың салтанатты ашылуына ҚР Мәдениет және спорт вице-министірі Серік Жарасбаев, Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Самат Жылқыбаев, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің дене шынықтыру және спорт комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов, ҚР ауыр атлетика федерациясының бас хатшысы Алдияр Нұралинов, ауыр атлетикадан төрт дүркін әлем чемпионы, қазақстандық зілтемірші Илья Ильин қатысып, болашақ чемпиондарға сәттілік тіледі. Сондай-ақ ашылу салтанатына спорт ардагерлері де қатысты.

Дүбірлі додаға еліміздің барлық облысы мен қалаларынан 300-ден астам зілтеміршілер қатысып жатыр. Олар алты күн бойы бақ сынайтын болады.

Ашылу салтанатынан кейін қалалық спорт басқармасының басшысы Самат Жылқыбаев Мексикада өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында жұлқа және серпе көтеруден рекорд орнатқан елордалық Едіге Ембердіге Халықаралық ауыр атлетика федерациясының естелік сыйлығын табыстады.

Жарыс қорытындысы бойынша әр салмақ дәрежесінде медальдар мен дипломдар жиынтығы ойнатылып, жалпы командалық есеп бойынша жеңімпаз командалар анықталады.

Айта кетсек, жарыс 29 қарашаға дейін Көктал-2 елді мекеніндегі №5 балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерв спорт мектебінде жалғасады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу