Бүгін елордадағы А-108 көшесінде орналасқан қоғамдық көлік аялдамасынан ер адамның денесі табылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, медицина қызметкерлері ер адамның биологиялық өлімін тіркеген.
– Жедел жәрдем бригадасы оқиға орнына жеткен кезде азаматтың биологиялық өлімі анықталды. Қазіргі уақытта болған жайттың мән-жайын анықтауға бағытталған тексеру жүргізіліп жатыр. Қажетті сараптамалар тағайындалды, – деп хабарлады басқармадан.
Астана қалалық полиция департаменті марқұмның жеке басы анықталғанын мәлімдеді.
"Аялдамадан табылған ер адамның 66 жаста екені белгілі болды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тексеру жүргізіліп жатыр. Қажетті сараптамалар тағайындалды", – делінген ведомство таратқан ақпаратта.
Полиция мәліметінше, аталған жағдай көктайғақпен байланысты емес.
Қазіргі таңда уәкілетті органдар оқиғаның нақты себептерін анықтап жатыр.