Астанада аялдаманы қиратқан кезекті вандал ұсталды

466

Құқық бұзушы уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Астанада аялдаманы қиратқан кезекті вандал ұсталды Фото: Polisia.kz

Қазақстанда қауіпсіз қоғам құруға бағытталған “Құқықтық тәртіп” кең ауқымды операциясы жүріп жатыр, деп хабарлайды Inbusiness.kz сайты.

Ең алдымен профилактикалық сипаттағы алдын алу шараларына аса мән беріледі. Саяжайлар, құрылыстар, базарлар, жалдамалы пәтерлер жіті тексеріледі.

Түрлі құқық бұзушылықтарға, сондай-ақ отбасылық-тұрмыстық және жол қауіпсіздігі саласындағы бұзушылықтарға мүлдем төзбеу қағидаты басты назарда.

ІІМ-нің мәліметінше, жедел-профилактикалық іс-шараның бірінші күні еліміз бойынша 17,5 мың әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесілген, оның ішінде 700-ге жуығы отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында, 40-қа жуығы бөтеннің мүлкін зақымдану фактісі, екі мыңға жуығы жалпы пайдалану орындарын ластауға қатысты, 500-ге жуығы тыныштықты бұзу фактісі. Көлік тізгіндеген 100-ден астам мас адам және жүргізуші куәлігінен айырылған 220 адам, іздеуде жүрген 18 қылмыскер ұсталды. Бұрын жасалған 128 қылмыс ашылды.

Мысалы, Астана қаласы полиция департаментінің полиция қызметкерлері аялдаманың әйнегін сындырған ер адамды ұстады.

"Біржан сал көшесіндегі аялдама әйнегін белгісіз біреудің сындырғаны туралы хабар келіп түсті. Оқиға орнына автопатруль жіберілді. Өткізілген іс-шаралар барысында полиция қызметкерлері қаланың 18 жастағы тұрғынын анықтады. Оған қатысты ӘҚБтК-нің 147-1-бабы және 434-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік іс қозғалды. Жиырма айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу немесе бес тәуліктен он бес тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамауға алу жазасы қарастырылады. Аталған материал шешім қабылдау үшін әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотқа жіберілді. Құқық бұзушы уақытша ұстау изоляторында", – деп хабарлады елордалық полиция.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу