Астанада азаматтық істерді медиация тәртібімен шешу көрсеткіші артып келеді

1260

Астанада азаматтық істерді медиация тәртібімен шешу көрсеткіші артып келеді

Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты биылғы жылы 480 сот процесін медиациялық келісім бойынша шешкен. Бұл туралы судья Айгүл Жамансариева айтты, деп хабарлады Baq.kz.

"Биылғы жылдың 9 айындағы көрсеткіш бойынша Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына 12 005 талап-арыз түсті. Оның 8 553-і бойынша сот шешімі шықты. Ал 883 іс бойынша сот бұйрығы шығарылды. 1 070 азаматтық іс бойынша өндіріс тоқтатылды. Оның жартысынан көбі тараптардың келісімі бойынша (партисипативтік келісім – 2, медиация – 480, бітімгершілік келісім – 132) тоқтатылды. Бұл Астана қаласы соттарының ішіндегі ең жоғарғы көрсеткіштердің бірі болып табылады", - дейді А.Жамансариева.

Сондай-ақ судья келісімге келу процедураларын белсенді қолдануға бағытталған шаралар да қабылданғанын атап өтті.

"Егер 2015 жылы 136 азаматтық іс бойынша тараптар медиация тәртібімен келісімге келсе, биылғы жылы ол көрсеткіш 480-ге дейін өсті. Жаңа ҚР Азаматтық процестік кодексі бойынша медиациялық келісімді медиаторлар ғана емес, сонымен қатар тараптардың өтініш xаты бойынша судья өткізе алады. Сол себепті қазіргі уақытта медиация тәртібімен реттеу арқылы тоқтатылған азаматтық істер өскені байқалып отыр", - деп толықтырды А.Жамансариева.

Оның айтуынша, сот өндірісіне қабылдау кезінде қайтарылатын талап-арыздардың саны екі есеге жуық қысқарған.

"Көбінесе арыздар сот қарауына жатпайтындықтан қайтарылады. Сот 824 арызды қараусыз қалдырды. Сондай-ақ сырттай іс жүргізу тәртібімен қаралатын істердің саны әлдеқайда төмендеді. Өткен жылы 535 іс бойынша сырттай шешім шығарылса, биыл ол көрсеткіш 61-ге дейін түсті. Қазіргі уақытта сотта құқықтық дау тудыратын істер ең қысқа мерзімде қаралып, шешілуде. Сонымен қатар уақыт және материалдық ресурстарды үнемдеу мақсатында оңайлатылған іс жүргізу нысаны кеңінен қолданылады", - дейді судья.

Baq.kz

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу