Астанада азық-түлік бағасын 15 пайыздан артық көтергендерге айыппұл салынады

242

Астанада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына бақылау күшейтілді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Астанада азық-түлік бағасын 15 пайыздан артық көтергендерге айыппұл салынады Фото: ЖИ

Енді кәсіпкерлер тауар құнына 15 пайыздан артық сауда үстемесін қоса алмайды. Бұл талапты алғаш рет бұзғандардың өзіне айыппұл салынады. 

Әкімдік азық-түлік бағасын тұрақтандыру және делдалдардың санын азайту үшін бірқатар шара қолға алған. Атап айтқанда, отандық өндірушілермен тікелей келісім жасалып, ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері ұйымдастырылып, сауда орындарындағы бағаға тұрақты мониторинг жүргізіліп келеді.

Қараша айындағы мәлімет бойынша, Астанада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының индексі 101,2 пайызды құраған. Бағаның күрт өсуіне жол бермеу үшін айналым тетігі арқылы 18 мың тоннадан астам азық-түлік өніміне келісімшарт жасалған. Жеткізілімге елорданың 190-нан астам сауда нүктесі тартылған.

Бұдан бөлек, жыл басынан бері қалада 300-ге жуық ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өткізілген. Жыл соңына дейін олардың санын 350-ге жеткізу жоспарланып отыр.

15 пайыздық үстемені асырғандарға қандай айыппұл салынады?

"Сауда қызметін реттеу туралы" заңға сәйкес, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына қойылатын сауда үстемесі өндірушінің босату немесе көтерме сатып алу бағасының 15 пайызынан аспауға тиіс.

Биылдан бастап бұл талапты алғаш бұзған кәсіпкерлерге ескерту жасалмайды. Бірден айыппұл салынады.

Айыппұл мөлшері:

* Жеке тұлғалар мен шағын бизнеске – 5 АЕК;

* Орта бизнеске – 35 АЕК;

* Ірі бизнеске – 150 АЕК.

Ал бір жыл ішінде заңбұзушылық қайталанса, айыппұл көлемі тиісінше 10, 70 және 300 АЕК-ке дейін өседі.

Әкімдік мәліметінше, жыл басынан бері Өңірлік комиссия 90 отырыс өткізіп, 150-ден астам заңбұзушылықты анықтаған. Қаладағы ірі сауда желілері, базарлар мен шағын дүкендерде баға мониторингі апта сайын жүргізіледі.

Сонымен қатар Астанада жеті базарды жаңғырту жоспарланған. Алдағы уақытта сауда орындарында баға бақылауын күшейтіп, азық-түлікті өндірушілерден тікелей жеткізу көлемін арттыру көзделіп отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу