Астанада Еуропалық Одақтың BTSF (Better Training for Safer Food) бағдарламасы аясында азық-түлік пен жемшөп қауіпсіздігі, сондай-ақ жануарлардың саулығы мен әл-ауқаты саласындағы мамандарға арналған оқу миссиясы өтіп жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Оқыту ветеринариялық қызмет пен балық шаруашылығы саласының мамандарына, сондай-ақ бал және аквашаруашылық өнімдерін өндірушілерге бағытталған. Негізгі мақсат – өнімдерді өндіру, бақылау және экспорттау кезінде сақталуы тиіс Еуропалық Одақ талаптарын түсіндіру.
Оқу барысында қазақстандық мамандар ұлттық ветеринариялық және санитариялық бақылау жүйесін ЕО талаптарына сәйкестендіру, сондай-ақ экспорттық мүмкіндіктерді кеңейту мәселелерін талқылайды.
Миссияның маңызды бағыттарының бірі – қазақстандық бал мен аквашаруашылық өнімдерін Еуропалық Одақ нарығына шығаруға қажетті жағдайларды қалыптастыру.
Оқытуға Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің, Балық шаруашылығы комитетінің, аудандық және облыстық аумақтық инспекциялардың, зертханалық қызметтердің өкілдері және бал мен аквашаруашылық өнімдерін өндіретін кәсіпкерлер қатысуда.
Бағдарлама аясында еуропалық сарапшылардың қатысуымен теориялық және практикалық сабақтар ұйымдастырылған. Сонымен қатар Ақмола және Шығыс Қазақстан облыстарындағы бал және аквашаруашылық өнімдерін өндіретін нысандарға бару жоспарланған.
Қатысушылар өнім қауіпсіздігін бақылау, ветеринариялық қадағалау, өндірістік процестер және өнімдердің қадағалануын қамтамасыз ету бойынша ЕО талаптарымен танысады.
Оқу миссиясы қазақстандық мамандардың кәсіби құзыретін арттырып, тәжірибе алмасуға және отандық өнімдердің Еуропа нарығы талаптарына сәйкестігін қамтамасыз ету бойынша алдағы жұмыстарды айқындауға мүмкіндік береді.