Астана қаласындағы "Қазанат" ипподромында бәйгеден Қазақстан Республикасының 5-іріктеу туры өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Жарысты тамашалауға ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, ҚР Ұлттық спорт Қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов және республикалық "Бәйге" федерациясының президенті Қанат Көпбаев арнайы келді.
Аламан доданың ашылуында сөз алған ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі соңғы уақытта елімізде ұлттық спорт түрлерінің танымдылығы артқанын айтып, жарыс жеңімпаздарын құттықтады.
"Біз желмен жарысқан, жылқының жалында өскен жұрттың жұрнағымыз. Сондықтан жылқы десе, бәйге десе бәріміздің делебеміз қозып отырады. Жылқы бізге қанат байлайды, ат – біздің рухымыз. Сол рухқа қызмет жасап жүрген ҚР Ұлттық спорт қауымдастығы мен республикалық "Бәйге" федерациясының басшыларына өз ризашылығымды білдіремін! Қазақтың рухы әрдайым биік болсын! Бүгінгі бәйгенің жеңімпаздарын шын жүректен құттықтаймын!" - деді Дархан Қуандықұлы.
Салтанатты шарада сөз алған ҚР Ұлттық спорт Қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов жарыстың маңыздылығын тілге тиек етті.
Республикалық "Бәйге" федерациясының президенті Қанат Көпбаев соңғы уақытта бәйге спортынан өтетін жарыстарға келетін көрермендер саны артып жатқанын қуана жеткізді.
Жарыс нәтижелеріне келер болсақ:
"Құнан бәйге" 10 шақырым:
1-орын: Алдияр Уайсхан "Лазер" есімді тұлпарымен;
2-орын: Асланбек Абдықал "Қарақат" есімді тұлпарымен;
3-орын: Нұрмұқаш Ділнұр "Мәмлүк" есімді тұлпарымен;
4-орын: Төлеген Асылжан "Сенім" есімді тұлпарымен;
5-орын: Абзал Турғанбек "Легенда" есімді тұлпарымен.
"Топ бәйге" 16 шақырым:
1-орын: Әмір Серік "Мой мир" есімді тұлпарымен;
2-орын: Асланбек Абдықал "Абырай" есімді тұлпарымен;
3-орын: Бекзат Ділдәхан "Сакура" есімді тұлпарымен;
4-орын: Олжас Мейіржанұлы "Нарқасқа" есімді тұлпарымен;
5-орын: Мақсат Абдумалик "Қаршыға" есімді тұлпарымен;
"Жорға жарысы" 9 шақырым:
1-орын: Жан Қоқанбаев "Салкүрең" есімді тұлпарымен;
2-орын: Әлия Асқарова "Май айы" есімді тұлпарымен;
3-орын: Шуақ Жайлаубек "Жұлдыз" есімді тұлпарымен.
"Аламан бәйге" 23 шақырым:
1-орын: Бекзат Ділдәхан "Талхиз" есімді тұлпарымен;
2-орын: Арнат Мұратхан "Семсер" есімді тұлпарымен;
3-орын: Арнұр Саматұлы "Самал" есімді тұлпарымен;
4-орын: Абдықал Асланбек "Бәйтерек" есімді тұлпарымен;
5-орын: Қуат Әділқас "Айбар" есімді тұлпарымен;
Айта кетейік, жарыс ұйымдастырушылары төртінші және бесінші орын алған шабандоздарды да ақшалай сыйлықпен марапаттады.
Одан бөлек, жарыс барысында көрермендер ұлттық киім байқауын тамашалады. Бұл сайыстың жеңімпаздарына ұйымдастырушылар жалпы көлемі 1 миллион теңге сыйақыны табыстады.