Астана қаласындағы "Алатау" спорт кешенінде ішкі істер министрі Қалмұхамбет Қасымовтың, спортшы-олимпиада жеңімпаздары Д. Картиков, С. Подобедова, Е.Айдова, Д.Бабенконың және 300-ге тарта мектеп оқушыларының қатысуымен кәмелетке толмағандар үшін тегін спорт секцияларының ашылуына арналған іс-шара өтті, деп хабарлайды egemen.kz.
Бұл әлеуметтік жоба ішкі істер министрлігінің бастамасы бойынша "Бақытты балалық шақты қорғау" жылының шеңберінде ұйымдастырылған болатын. Шараның басты мақсаты – қауіпсіз балалықты қамтамасыз ету, қоғамда жасөспірімдерге қатысты заңсыз әрекеттерге жол бермеу қағидасын қалыптастыру.
"Бала – біздің байлығымыз. Сондықтан олардың өмірі әрқашан бақытты әрі қауіпсіз болуы керек. Осы мақсатта Ішкі істер министрлігі нақты және маңызды шаралар қабылдауда. Оған айқын дәлел – біз 2018 жылды "Бақытты балалық шақты қорғау" жылы деп жарияладық. Осы атаулы жыл аясында біз еліміздің барлық балалары үшін "Динамо" қоғамының спорт секцияларын тегін өткізетін боламыз. Сол арқылы дені сау, бәсекеге қабілетті ұрпақ дайындауға үлес қосатын боламыз. Осы орайда мен аталған шараны қолдауға келген барлық қатысушыларға алғыс айтамын", – деді ішкі істер министрі айтулы шараның ашылу салтанатында.
Бұдан соң 2016 жылғы олимпиада чемпионы Досжан Картиков сөз алып, Қазақстанның барша балаларын спортпен айналысуға шақырып, олимпиада шыңын бағындыруға тілектестігін білдірді.
Айта кетер жайт, "Динамо" – Ішкі істер министрлігінің құрамындағы іргелі спорт қоғамы. Қазақ елінің талай майталман спортшыларын тәрбиелеп шығарған басты ұйым. Тәуелсіздік жылдарында динамолық спортшылар барлығы 56 олимпиадалық медальді ел қоржынына салып, еліміздің абыройын әлемдік деңгейде асқақтатты. Осы жүлделердің 11-і алтын, 18-і күміс және 27-сі қола медалдар болатын. Іс-шара барысында балалар спорт секцияларының тәрбиеленушілері, Ұлттық ұланның карабиншілер взводы, цирк өнерпаздары, қызметтік иттер өнер көрсетті, сондай-ақ олимпиада жеңімпаздарының қатысуымен ойын-викториналар ұйымдастырылды.