Бұл ауқымды әрі қызықты мерекелік іс-шараларға Орталық саябақ тұтастай жұмылдырылған, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Астана қаласы Мәдениет басқармасының мәдени-демалыс іс-шараларын өткізу жөніндегі дирекциясының өкілі Әлия Бұрханова мерекелік бағдарламаның балаларды қызықтыру үшін арнайы әзірленгенін айтты.
"Орталық саябақта сағат 12:00-ден 20:00-ге дейін өтетін мерекелік іс-шаралардың бәрі балаларға қызықты болуы үшін ұйымдастырылған. Саябақтың бүкіл аумағында цирк әртістері, қуыршақ театрының әртістері мен аниматорлар өнер көрсетеді. Біз әрбір ойынға қатысқан балаға арнайы сыйлық табыстаймыз. Ал ойын-сауық іс-шараларына келсек, мұнда жастықпен шайқасу, радио арқылы басқарылатын көліктер жарысы сияқты әр балаға қызықты ойындар бар. Сағат 12:00-ден 20:00-ге дейін қазақ тіліндегі мультфильмдер көрсетіледі. Сондай-ақ лабиринт, сурет салу бойынша шеберлік дәрісі өтетін алаңқай, қатты қағазға сурет салудан жарыс ұйымдастырылатын алаң бар. Бұдан бөлек, қоршаған ортаны қорғауға тәрбиелейтін экозертхана жұмыс істейді, онда интерактив арқылы сабақтар өткізіледі. Ал арт-нысандар галереясында мерекелік көңіл күймен, ұлттық киіммен суретке түсуге болады. Сағат 18:00-ден 20:00-ге дейін арнайы шақырылған арқанмен жүретін әртістер өнер көрсетеді. Олар 70 метр биіктікте 10 метрлік арқанмен емін-еркін жүріп, тамашаның көркін қыздырады. Кешкі сағат 21:00-де әйгілі әнші Еркеш Хасен балалар мен ата-аналарға керемет көңіл күй сыйлайды. Осылайша, бұл күн ұмытылмас әсерге толы болып, мерекені шынайы сезінуге мүмкіндік береді деп ойлаймын", – дейді Ә. Бұрханова.
Іс-шараның мақсаты – Астана күні аясында қала тұрғындары мен қонақтарына мерекелік көңіл күй сыйлау, ұлттық мәдени мұраны заманауи форматта таныстыру, сондай-ақ елорданың шығармашылық, мәдени және қоғамдық кеңістік ретіндегі әлеуетін кеңінен көрсету. Фестивальге барлық жастағы тұрғындар мен қала қонақтары қатыса алады.