Астанада балаларға арналған екі жаңа Оқушылар сарайы ашылды

321

Бұл туралы қала әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында хабарлады.

Астанада балаларға арналған екі жаңа Оқушылар сарайы ашылды Фото: Астана қаласының әкімдігі

Астанада балалардың шығармашылық қабілеті мен спорттық әлеуетін дамытуға арналған "TANYM ART" және "TANYM SPORT" атты екі мемлекеттік Оқушылар сарайы пайдалануға берілді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Әкімнің мәліметінше, жаңа кешендер Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында салынған. Үш қабатты ғимараттардың әрқайсысының жалпы ауданы 12 225 шаршы метрді құрайды.

Орталықтарда бассейндер, спорт және концерт залдары, оқу кабинеттері мен коворкинг-аймақтар қарастырылған. Мұнда балалар STEM-технологиялар, ғылыми-техникалық шығармашылық және экологиялық-биологиялық бағыттар бойынша білім алады.

Жаңа нысандардың жұмысымен Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек, Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов және Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова танысты. Олар балалармен кездесіп, орталықтардың мүмкіндіктерін көрді.

Ашылу рәсіміне танымал спортшылар да қатысты. Олардың қатарында дзюдодан әлем және Азия чемпионаттарының күміс жүлдегері Әбиба Әбужақынова, Париж Олимпиадасының қола жүлдегері Ғұсман Қырғызбаев, бокстан Олимпиаданың екі дүркін күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетов, Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаев және әлемнің екі дүркін чемпионы Санжар Ташкенбай бар.

Қала әкімдігінің мәліметінше, жаңа кешендер қосымша білім беру мүмкіндіктерін кеңейтіп, балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға және қабілеттерін дамытуға жағдай жасайды. Сонымен қатар әр орталықта 100-ден астам жұмыс орнын ашу жоспарланған.

"TANYM ART" Оқушылар сарайы Сарыарқа ауданындағы Бейбарыс сұлтан көшесі, 15 мекенжайында орналасқан. Ал "TANYM SPORT" кешені Алматы ауданындағы Төлеубаев көшесі, 3 мекенжайында ашылды.

Жеңіс Қасымбектің айтуынша, бұған дейін елордада төрт Оқушылар сарайы ашылған. Қалада балаларға арналған қосымша білім беру инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жалғаса береді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу