Астанада базар жанынан 47 жастағы әйелдің денесі табылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Әлеуметтік желіде оқиға орнынан түсірілген видео тарады.
"Сауда базарының алдынан зорлық-зомбылық белгілері жоқ 47 жастағы әйелдің мәйіті табылды. Алдын ала мәліметке сәйкес, әйел адамның денсаулығы кенеттен нашарлап, жедел жәрдем бригадасы жеткенше қайтыс болған. Тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр", – деп хабарлады қалалық полиция департаменті.
Астана қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, жедел жәрдемге шақырту сағат 18:14-те түскен. Дәрігерлер бригадасы оқиға орнына 18:19-да жеткен.
"Жедел жәрдемнің ұзақ жеткені туралы ақпарат шындыққа жанаспайды. Көрсетілген мекенжай бойынша жедел медициналық жәрдем бригадасы оқиға орнына жетті. Әйел адамның денесінен тіршілік белгілері анықталмады. Марқұмның денесі полиция қызметкерлеріне тапсырылды", – делінген хабарламада.