Астанада білім саласында істеген экс-шенеунік сотталды

204

Іс қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотта қаралды. 

Астанада білім саласында істеген экс-шенеунік сотталды Фото: Freepik

Астанада білім беру саласында жұмыс істеген бұрынғы шенеунік лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланып, пара алғаны үшін сотталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Сотпен анықталғандай, Е. Астана қаласының Білім басқармасының бөлім басшысы бола тұра, 2020 жылдың соңында лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланған. Сол кезде студент болған ұлы Ж.-ны жұмысқа орналастыру туралы мемлекеттік балабақша меңгерушісі А.-ға ауызша нұсқау берген.

Өз кезегінде ол студентті жекеменшік балабақшаға орналастырған. Экс-шенеуніктің ұлы балабақшада бағдарламашы міндетін атқаруы тиіс болған.

"2021 жылдың қаңтар айынан бастап 2024 жылдың маусым айына дейінгі аралықта Ж., "А" ЖШС-дан 5,9 млн теңгедей жалақы алған, бұл ретте іс жүзінде жұмыс істемеген, соның салдарынан ЖШС-не ірі көлемде залал келтірілген.

Сонымен қатар, Е., балаларды мектепке дейінгі ұйымдарға қабылдаудың белгіленген тәртібін бұза отырып, балаларды балабақшаға заңсыз және кезектен тыс қабылдау мәселесі бойынша оң шешім қабылдағаны үшін жалпы сомасы 300 мың теңге, яғни әр бала үшін 100 мың теңге бірнеше рет ақшалай пара алған",  делінген хабарламада.

Сотталушының кінәсі толық дәлелденді. Әйел өз кінәсін мойындамады.

Сот үкімімен әйел адам мемлекеттік ұйымдарда және квазимемлекеттік сектор субъектілерде лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу