Салтанат сарайында бір мезетте 25 келіннің беташар рәсімі өтіп, бұл тарихи сәт Қазақстанның КИнЭС рекордтар кітабына енгізілді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Идея бастапқыда 50 жұпты қамтуды көздегенімен, ресми түрде некеге тұрған 25 жұп қана рекордтық шараға қатысуға мүмкіндік алды. Олар ел тарихында алғаш рет бір сәтте беташар рәсіміне қатысып, есте қаларлық күннің кейіпкерлеріне айналды.
- Бұл – біздің болашақта той өткізуді жоспарлап отырған тұтынушыларымыз. Оларға КИнЭС рекордтар кітабына енетін тарихи оқиға болатынын айтып, ұсыныс жасаған едік. Көп ойланбастан келісім берді. Шараны әріптестерімізбен ақылдаса отырып, арнайы жоспарлап, жүзеге асырдық, - дейді ұйымдастырушылардың бірі Еркебұлан Шайқыстан.
КИнЭС рекордтар кітабының ресми өкілі Әкежан Шыңғыстың айтуынша, Қазақстанда беташарға байланысты бұған дейін мұндай рекорд тіркелмеген.
- Бүгін елімізде жаңа рекорд орнады. Салтанат сарайында бір уақытта 25 жұптың некесі қиылып, беташар рәсімі өтті. Бұған дейін мұндай ауқымды шара тіркелмеген еді, - дейді ол.
Тарихи сәттің бір бөлігіне айналған жас жұбайлар бұл күннің олардың өмірінде ерекше орын алатынын айтады.
- Біз үшін бұл - ұмытылмас сәт. Мұндай ұсыныс тосын болды, бірақ ойлана келе, қатысуға бел будық. Беташар сәтті өтті деп ойлаймыз. Ал біздің ресми тойымыз тамыз айында өтеді, - дейді жас жұбайлар Қуаныш Кәдірбек пен Сымбат Нұрзілда.