Елордада бір ғана отбасы тұратын пәтерде 937 адам тіркелген. Алматы облысында да осындай 13 мың факті анықталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Астана телеарнасына сілтеме жасап.
Астана қаласында бір мекенжайда тым көп тұрғын тіркелген 924 баспана тексерілді. Оларда 35 мыңдай адам тіркеуде тұрғаны әшкере болды. Яғни, бір ғана пәтердің өзінде 800-ден астам адам, екіншісінде – 600-ден астам азамат, үшіншісінде – 400-ден астам адам тұрақты тіркелген.
"Жақында 35 шаршы метр үйге 930 дан астам мигранттарды тіркеу бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жалғызбасты ана мигранттарды тіркеу арқылы олардан ақша алған. Осындай әркетке барғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылады”, – дейді қалалық прокуратура басқарма бастығының орынбасары Нұрсұлтан Құдабаев.
Көші-қон қызметінің қызметкерлері 40-қа жуық хаттама жасап, оның ішінде 6 тәртіп бұзушыны қайтадан жауапкершілікке тартқан. Тұрғын үй иелерінің өтініші бойынша осы мекенжайларда тұрмайтын, бірақ тіркелген Қазақстан Республикасының азаматтары есептен шығарылды.
"5 айдың қорытындысы бойынша 1426 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген”, – дейді қалалық прокуратураның басқарма төрағасы Аян Абдынасыров.
Айта кетейік, заңнамада бір мекенжай бойынша тіркелген азаматтардың санына шектеулер қарастырылмаған. Дегенмен, тіркелген азаматтар тіркелген жерінде нақты тұруға міндетті.