Астанада бір тәулікте қызылшамен ауыратын 40-қа жуық бала ауруханаға жатқызылады

Бұл туралы брифингте Астана денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлназ Досмырзаева мәлімдеді. 

Астанада бір тәулікте қызылшамен ауыратын 40-қа жуық бала ауруханаға жатқызылады Фото: inbusiness.kz

Астанадағы балалар жұқпалы аурулар ауруханасында қызылша ауруынан емделіп жатқан 220 бала бар, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Бүгінгі таңда, балалар жұқпалы аурулар ауруханасында 220 бала емделуде, оның 2-і жансақтау бөлімінде жатыр. Жүктеме 44%-ды құрайды. Тәулігіне қызылша диагнозы қойылған 35-40 бала балалар ауруханасына жатқызылады. Қалалық емханаларда 114 бала қызылшаға қарсы амбулаторлық ем алуда", - деді Гүлназ Досмырзаева өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз брифингінде.

Сондай-ақ, ол вакцинация (екпе) аурудың алдын алуда шешуші рөл атқаратынын және халықтың денсаулығына айтарлықтай әсер ететінін айтты.

"Барлық емханаларда 29 күннің ішінде 6 айдан 10 айға дейінгі балаларды қызылшаға қарсы қосымша жаппай егу жалғасуда. Сондай-ақ, 2-4 жас аралығындағы балалар да екпе ала алады. Құрметті тұрғындар, ЖРВИ және қызылшамен ауыратын науқастарға медициналық көмек көрсету үшін емханаларда жұмыс күндері және демалыс күндері сағат 08:00-ден 20:00-ге дейін сүзгі кабинеттері жұмыс істейтінін еске саламыз. Сондықтан, сізде аурухананың жедел жәрдем бөлмесіне ғана емес, тіркелген жеріңіздегі емханаға да баруға мүмкіндігіңіз бар. Сондай-ақ, вакцинация кабинеттері жұмыс күндері сағат 08:00-ден 18:00-ге дейін және демалыс күндері 09:00-ден 18:00-ге дейін тіркеусіз жұмыс істейді. Қызылшамен ауыратын науқаспен байланыста болсаңыз, вакцинаны тіркелген жеріңіздегі емханадан 72 сағат ішінде алуға болады", - деп түсіндірді Гүлназ Досмырзаева.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу