Алдағы күндері елордада бір жақты қозғалысқа арналған жаңа жол учаскелері пайда болады, деп хабарлайды astana.gov.kz.
Өзгерістер қаланың оң жақ жағалауындағы екі көшенің бойында енгізілетін болады. Осылайша, бір жақты қозғалыс Бұқарбай батыр көшесінің Жеңіс даңғылынан Әзербайжан Мәмбетов көшесіне дейінгі аралығында және Желтоқсан көшесінің Кенесары көшесінен Бұқарбай батыр көшесіне дейінгі аралығында енгізілмек.
Өзгерістер 2018 жылдың 15 қарашасында, яғни бейсенбі күні күшіне енеді. Аталмыш өзгерістер – қаладағы жол қозғалысын оңтайландыру жұмыстарының бір бөлігі, жол желісіне түсетін жүктемені азайту мақсатында енгізіліп отыр.
Аталған учаскелерде қарама-қарсы бағытта келе жатқан көліктердің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғалары жиі орын алғанын айта кету қажет.
Жүргізілген талдау жұмыстырына сәйкес, осыдан біршама уақыт бұрын бір жақты қозғалыс енгізілген көше учаскелеріндегі өткізу қабілеті орта есеппен 30% -ға артқан. Сонымен қатар, бір жақты қозғалысқа арналған жаңа учаскелерді енгізу бір жақты қозғалыс желісін қалыптастыра отырып, бұған дейін енгізілген бір жақты қозғалыс учаскелерінің тиімділігін арттырады. Сонидай-ақ, ол №1 мектеп-лицейге жақын жолдарда көлік қозғалысы жүктемесін төмендетуге септігін тигізбек.