Астанада бизнестің дамуы үшін мемлекет тарапынан қандай қолдау көрсетіледі

784

2022 жылы шағын және орта бизнестің Астана экономикасына қосқан үлесі 69,5% немесе 7,2 трлн теңгені құрады.  

Астанада бизнестің дамуы үшін мемлекет тарапынан қандай қолдау көрсетіледі Фото: inbusiness.kz

Астанада бүгінде 223 мыңнан астам ШОБ субъектісі бар, онда жарты миллионға жуық адам жұмыс істейді. Елорданың Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Қуаныш Сапаров елорданың коммуникациялар қызметінде өткен брифингте кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан қандай қолдау көрсетілетіні туралы айтып берді, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің ресми сайты.

ШОБ субъектілерінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін әкімдік төрт бағыт бойынша кәсіпкерлерді қолдау жөнінде бірқатар шаралар жүргізуде:

  • кредиттер бойынша сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау – кәсіпкер үшін түпкілікті мөлшерлемені 6%-ға дейін төмендету (кредиттің ең жоғары субсидияланатын сомасы – 3 млрд теңге, субсидиялау мерзімі – 5 жылға дейін);
  • кредиттерге ішінара кепілдік беру – ШОБ бастауыш субъектілері үшін – 85%, жұмыс істеп тұрған субъектілер үшін – 50% (кепілдендірілетін ең жоғары сома: жаңадан бастаушылар үшін – 360 млн теңге, жұмыс істеп тұрғандар үшін – 1 млрд теңге);
  • жетіспейтін инфрақұрылымды жүргізу – 50 млн теңгеден 1 млрд теңгеге дейінгі сома;
  • мемлекеттік гранттар беру – жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін конкурстық негізде 5 млн теңгеге дейін беріледі.

                                                                                                                                                         Фото: Астана қаласының әкімдігі 

"Енді гранттарға тіркелген сәттен бастап 3 жылға дейінгі мерзімге жеке кәсіпкерлер және республикалық тізілімге енгізілген әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілері ғана үміткер бола алады.

Конкурсқа қағидалармен бекітілген экономиканың басым секторларында (өңдеу өнеркәсібі, білім беру, денсаулық сақтау, ақпарат және байланыс, жүк тасымалы, қоймалау, театрлар, кітапханалар, спорт объектілерінің қызметі) Астана аумағында тіркелген және жобаны іске асыруды жоспарлап отырған жеке кәсіпкерлер қатыса алады", – деп хабарлады Қ.Сапаров.

Бизнес-жобаның міндетті шарттары:

  • кәсіпкердің оны іске асыруға арналған шығыстарды мемлекеттік грант көлемінің кемінде 20%-ы мөлшерінде, оның ішінде бизнес-жобаға қатысатын жеке жылжымалы немесе жылжымайтын мүлікпен қоса қаржыландыруы;
  • жаңа жұмыс орындарын құру;
  • кәсіпкердің бизнес-жобасында инфрақұрылымның болуы және/немесе жобаны іске асыру үшін жеткілікті инфрақұрылым құру көзделген инвестициялық жоспардың болуы.

Кәсіпкерлер грант қаражатын мынадай мақсаттарға пайдалануы тиіс:

  1. тауарларды шығару немесе қызмет көрсету үшін қажетті негізгі құралдарды, шикізатты және материалдарды сатып алу;
  2. материалдық емес активтерді сатып алу;
  3. технологияларды сатып алу;
  4. кешенді кәсіпкерлік лицензияға (франчайзингке) құқықтарды сатып алу;
  5. зерттеу жұмысына және/немесе жаңа технологияларды енгізуге байланысты шығыстар.

Мемлекеттік грант қаражатын өзге мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді.

Өтінімдер 7-16 тамыз аралығында онлайн-режимде Kezekte.kz порталы арқылы қабылданады.

Спикердің ақпараты бойынша, 2022 жылы грант алу үшін 1 891 өтінім түсті, оның ішінде комиссия алдында қорғауға 918 өтінім жіберілді. 619,6 млн теңгеге 135 жобаға қолдау көрсетілді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу