Астанада Counter-Strike 2 турнирі өтіп жатыр

168

Қатысушылар жалпы жүлде қоры 1 миллион теңгені құрайтын бәсекеде бақ сынайды. 

Астанада Counter-Strike 2 турнирі өтіп жатыр Фото: Астана әкімдігі

Астанада "Заң және тәртіп" қағидатын іске асыру аясында 16 команданың қатысуымен Counter-Strike 2 киберспорт турнирі өтіп жатыр. Бәсекеге елорданың жоғары оқу орындарының студенттері мен танымал блогерлер қатысып жатыр, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Турнир "Астана – есірткісіз қала" акциясы аясында ұйымдастырылған. Қатысушылар жалпы жүлде қоры 1 миллион теңгені құрайтын бәсекеде бақ сынайды. Жарыс кешке дейін жалғасып, жеңімпаз финалдық матчтардың қорытындысы бойынша анықталады.

"Киберспорт – жастар арасында кең тараған заманауи бағыттардың бірі. Біз жастар мен қоғамға танымал адамдарды бір алаңда тоғыстырып, белсенді әрі салауатты демалыстың қызықты болатынын көрсеткіміз келеді", – деді Астана қаласы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Әлия Қибатқызы.

Оның айтуынша, жыл басынан бері елордалық полиция 500-ден астам профилактикалық іс-шара өткізген. Олардың қатарында акциялар, дәрістер, кездесулер мен спорттық іс-шаралар бар. Осы кезеңде есірткінің заңсыз айналымына қатысты 600-ге жуық құқық бұзушылық анықталып, заңсыз айналымнан 500 келіден астам есірткі заты тәркіленген.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, турнирдің басты мақсаты – жастарды заманауи әрі қауіпсіз демалыс түрлеріне тарту, салауатты өмір салтын насихаттау және есірткіге қатысты құқық бұзушылықтардың алдын алу.

Жастарды спортқа, киберспортқа, шығармашылыққа және басқа да пайдалы істерге тарту – нашақорлықтың алдын алудың және есірткісіз ортаны қалыптастырудың тиімді тәсілдерінің бірі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу