Әкімдікте өткен брифингте Астана қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жазира Ембердиева елордада жетіспейтін салалық дәрігерлерді атады, деп хабарлайды elorda.info.
"Қазіргі таңда кадр тапшылығы мәселесі бар. Емханаларда неонатологтар, анестезиологтар, реаниматологтар, ота жасайтын акушер-гинекологтар, көз дәрігерлері мен отоларингологтардың жетіспеушілігі сезіледі. Басқа мамандықтар бойынша мәселе жоқ", - деді ол.
Сонымен қатар, Жазира Ембердиева учаскелік қызмет жолдамасы бойынша салалық маманның кеңесі мен көмегін алуға болатынын хабарлады.
"Дәрігерлердің жүктемесінің көп болуы дәл осы білікті кадрлардың жетіспеушілігінен болып отыр. Астанада дәрігерлердің қабылдауында болу мерзімін барынша қысқартуға күш салып жатырмыз. Осыған байланысты еліміздегі бірқатар жоғары оқу орындарымен меморандумға қол қойдық. Сонымен қатар, кадр жетіспеушілігі мәселесін біржақты ету үшін жас мамандарға арнап бос орындар жәрмеңкесін тұрақты түрде өткізіп келеміз", - деді Жазира Ембердиева.