Астанада ДДҰ 75 жылдығына арналған іс-шаралар басталды

568

Дене белсенділігін насихаттау мақсатындағы жарысқа 1 мыңнан астам адам қатысты. 

Астанада ДДҰ 75 жылдығына арналған іс-шаралар басталды Фото: ДСМ

Елорданың Ботаникалық бағында ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният, ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Сарсен Құранбек, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілі және Қазақстандағы ДДҰ елдік офисінің басшысы Скендер Сыла қатысқан "СӨЗДЕН ІСКЕ/ WALK THE TALK/ОТ СЛОВА К ДЕЛУ" ұранымен қысқа қашықтыққа жүгіру акциясы өтті.

Іс-шараны ашқан ҚР ДСМ басшысы Дүниежүзілік денсаулық күні адамдардың назарын денсаулықты нығайтуға, әлемдегі қауіпсіздікті қолдауға және азаматтардың денсаулық пен әл-ауқатты қорғауға құқықтарын сақтауға аударуға бағытталғанын атап өтті.

"Бағалау қорытындысы бойынша 2022 жылы ересектердің тек 18%-ы аптасына 150 минуттан артық физикалық белсенділікпен айналысады. Инфекциялық емес ауруларды азайтуда саламатты өмір салтын ұстану, дұрыс тамақтану, физикалық белсенділік арттырып, алкогольді, темекі өнімдерін тұтыну сияқты мінез-құлық қауіп факторларының болмауы маңызды", - деді А.Ғиният.

Дүниежүзілік денсаулық күнін мерекелеу шеңберінде бүкіл республика бойынша ауқымды акциялар, спартакиадалар, мектептерде ашық денсаулық сабақтары, емханаларда ашық есік күндері және басқа да іс-шаралар өтуде.

ДДҰ-ның Қазақстандағы елдік офисінің басшысы Скендер Сыла жарысқа қатысушылардың алдында сөйлеген сөзінде Қазақстан Үкіметі қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы инновацияларды қолдау үшін зор күш-жігер жұмсайтынын атап өтті.

"Дені сау ұлт" және "Адамдардың денсаулығы мен әл-ауқатын нығайту үшін ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту" ұлттық жобасын іске асыру жаңа Қазақстанның дамуына өз үлесін қосады. ДДҰ ұйымның негізгі бастамаларының ұлттық жоспарларға интеграциялануын жоғары бағалайды және техникалық және әдіснамалық қолдау көрсетуді жалғастыруға міндеттенеді. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру сапасын жақсартуға, денсаулық сақтау қызметкерлерінің рөлін күшейтуге және олардың құқықтарын қорғауға ерекше назар аударады", - деп қорытындылады Скендер Сыла.

Физикалық белсенділіктің болмауы жаһандық ауқымда өлімнің себептері болып табылатын маңызды қауіп факторларының төртіншісі болып саналатынын (бұл әлемдегі өлім-жітімнің жалпы санының 6% құрайды) айта кету керек. Одан кейін жоғары қан қысымы (13%), темекі шегу (9%) және қандағы глюкозаның жоғары деңгейі (6%). Артық салмақ пен семіздік әлемдегі өлім-жітімнің жалпы санының 5%-ын құрайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу