Астанада Denis Ten Memorial Challenge 2023 халықаралық турнирі өтті

441

Денис Теннің шоуынан түскен қаржы отандық мәнерлеп сырғанаудың дамуына жұмсалатын болады. 

Астанада Denis Ten Memorial Challenge 2023 халықаралық турнирі өтті Фото: Астана қаласының әкімдігі

Биыл марқұм Денис Теннің 30 жасқа толуына орай "Барыс Арена" спорт кешенінің мұз айдынында төрт күнге созылған Denis Ten Memorial Challenge 2023 халықаралық турнирі аяқталды.

Мәнерлеп сырғанаудан ел спортына өлшеусіз үлес қосқан, Қазақстан тарихында алғаш рет 2013 жылы әлем чемпионатында күміс және 2014 жылы Сочи Олимпиадасында қола жүлде алған Денис Тенді әлі күнге дейін жұрт есінен шығарған емес.

Өмірден өткеніне 5 жыл болса да, спортшымыздың құрметіне дәстүрлі түрде төртінші рет мұз айдындағы шоу ұйымдастырылды.

Биылғы бәсекеге еліміздегі жас шәкірттерден бөлек, 23 елден келген қонақтар да бақ сынады. Сондай-ақ елорда төріндегі мұз айдынына өнер көрсетуге марқұмның достары да келді. Атап айтар болсақ, Еуропа чемпионы Алёна Косторная, Георгий Куница, Мари-Пьер Лере, Хан Гиль Ким, Чжу Хон Лим, Арлет Леванди, Аделия Петросян, Дженифер Ян Сван Ренсбург, Бенджамин Стефан сынды жұлдыздар көрермендерге өз шеберліктерін паш етті.

"Денис Тенді еске алу турнирі 2 мәрте Алматыда, 2 рет Астана қаласында өтті. Өйткені біз қос мегаполистің де спорт жанкүйерлерін шоудан құр қалдырғымыз келмейді. Әлемдік жұлдызға айнала білген жерлесіміздің академиясы бүгінде жұмыс істеп жатыр. Бүгін Олимпиаданың қатысушылары, халықаралық жарыстың жүлдегерлері қойылымдарын көрсетіп, керемет әсер сыйлады деп ойлаймын", - дейді Denis Ten Memorial турнирінің баспасөз хатшысы Ботагөз Алдоңғарова.

Жарыс атақты мәнерлеп сырғанаушылар мен олардың шәкірттерінің қатысуымен өткен гала қойылыммен аяқталды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу