Ұлттық музейде Қазақстанның халық әртісі, композитор және мультиаспапшы Димаш Құдайбергеннің шығармашылығына арналған "Дүние дидарындағы Димаш" көрмесі ашылды. Мәдени шарада ҚР МАМ Мәдениет комитетінің төрайымы Күміс Сейітова министрдің, Ақтөбе облысынан барған Ішкі саясат басқармасының басшысы Әлібек Бәйнешов және Мәдениет басқармасының басшысы Алтынай Юнисова облыс әкімінің құттықтау хатын жеткізді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
"Қазақ халқының мәдениетін әлемге әйгілеген, ұлттық музыкамызды жаңа қырынан танытқан, әуезді әні кейбіріне шипа болса, өнерге құштар жандарға шабыт сыйлаған, жанкүйерлерінің қазақ тіліне, еліне деген қызығушылығын оятқан, аз уақыттың ішінде әлем халықтарының сүйікті әншісіне айналған Дінмұхаммед Құдайберген алтын бесігіміз – Ақтөбе өңірінің тумасы екендігін мақтан тұтамыз!", - деп атап өтті Асхат Шахаров.
Көрмеге қазақ жанының болмысын бейнелейтін, әртістің қайталанбас үнін қалыптастырған, өміріндегі елеулі оқиғалар туралы хабар беретін құндылықтар, танымал тұлғалар мен көптеген жанкүйерлердің сыйлықтары ұсынылып отыр.
Келушілер Димаштың бесігі мен отбасылық альбомдағы әртістің балалық шағына тәнті болып, Майкл Джексон қолтаңбасы бар баннер, Джеки Чанның сыйлықтары сынды жәдігерлерге ерекше көңіл бөлді. Көрмеге жалпы саны 200-ге жуық зат қойылған.