Астанада Дүниежүзілік тау-кен конгресі өтуде

1123

Астанада Дүниежүзілік тау-кен конгресі өтуде

Бүгін "ЭКСПО-2017" конгресс орталығында 25-ші Дүниежүзілік тау-кен конгресі өтуде, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.

Елордада кен орындарын игеру және пайдалы қазбалар саласында жұмыс істейтін сондай-ақ, қоршаған ортаны қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздік ғылым мен техниканың, бизнес саласының мамандары және ғалымдары жиналды.

"Үлкен материалдық-шикізат әлеуеті мен үлкен тау-кен өндіруші өнеркәсіптері бар біздің ел үшін бұл іс-шараның үлкен мәні бар. Бұл кездесу Конгрестің 60 жылдығы және Астана қаласының 20 жылдық мерейтойы қарсаңында өтуде. Бүгінде тау-кен өндірісі және өңдеу өнеркәсібі Қазақстан экономикасына ірі үлес қосуда. Бұл саладағы 800 кәсіпорында 185 мың адам жұмыс жасайды. Өндіруші және өңдеуші өнеркәсіпті жылдам кеңейту еліміздің дамуына көмектеседі", – деді ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин.

Оның сөзінше, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық инвесторлардың қатысуын кеңейту үшін тау-кен секторын реформалау жөніндегі мүмкіндіктер жасауға тапсырма берген.

"Ал осы бағытта шетелдік инвесторлардың келуіне жол көрсету үшін және барлық компанияларға бірдей сапалы қызмет көрсету мақсатында "Астана" қаржы орталығы құрылды. Қазақстанда тау-кен саласының мүмкіндігі мол", дейді Асқар Мамин.

Конгресс "Инновациялық басымдық – әлемдік тау-кен өнеркәсібінің өсу жолында жасалған қадам" тақырыбында өтуде және геологиялық барлау, өндіру және байыту, тәуекелдерді бағалау, саланы цифрландыру, жаңа технологияларды енгізу, халықаралық қаржыландыруды тарту және т.б. мәселелерді қамтуда.

Іс-шараға Аустралия, Австрия, Канада, Польша, Норвегия және Франциядан делегация, әлемнің ғылыми және іскер қоғамдастықтарының жетекші сарапшылары, инвесторлар мен қаржы институттары, сондай-ақ Үкімет басшылары бар 46 ел, 56 профильдік қауымдастық, 41 университет қатысуда.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу