Астана полицейлері қымбат көлік ұрлайтын қылмыстық топты қолға түсірді, деп хабарлайды Астана қалалық ІІД баспасөз қызметі.
Мекеменің хабарлауынша, 23 наурыз күні түнде белгісіз біреулер 187 көшедегі тұрғын үйдің ауласынан "Toyota Land Crusier 200" автокөлігін ұрлап әкеткен. Күдікті ретінде Павлодар мен Қостанай облысының және Ресей Федерациясының азаматтары ұсталды.
ІІД басшысы, полиция генерал-майоры Амантай Әубәкіровтің айтуынша, жедел қызметкерлер қала аумағында бірнеше машинаны ұрлаған, құрамында төрт адамы бар қылмыстық топты тұтқындады. Күдіктілердің уақытша тұратын жерін тінту барысында көлік ұрлауға арналған жабдықтар мен құралдар табылған.
Сондай-ақ К.Байсейітова көшесіндегі көлік тұрағынан және М.Дулатов көшесіндегі контейнерден бұрын ұрланған екі көлік ("Toyota Land Crusier 200" және "Toyota-RAV4") табылды.
Қазір ҚР ҚК "Ұрлық жасау" бабымен сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тұтқындалушылар Астана қалалық ІІД УҚО-ға қамалды.