Елорданың денсаулық сақтау басқармасы жұқпалы аурулар ауруханасына түскен екі науқастың жай-күйі туралы баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
"2018 жылдың 6 маусымында 1985 жылы туған ер адам менингококк инфекциясын жұқтырды деген күдікпен қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына түсті. Әзірге оның жағдайы ауыр, жансақтау бөлімінде жатыр. Тексеру жұмыстары жүруде", - делінген басқарманың баспасөз қызметі жіберген хабарламада.
Сондай-ақ, кеше дәл осы ауруханаға 1980 жылы туған әйел жатқызылды.
Алдын ала болжам бойынша, дәрігерлер оған менингококк инфекциясы, менингококцемия диагнозын қойып отыр.
"Науқас әйелдің жағдайы орташа, қазіргі уақытта ол аурухананың арнайы бөлімінде жатыр. Екі науқастың да диагноздарының алдын ала болжам екенін еске саламыз. Нақты диагноз барлық зертханалық зерттеулерден кейін ғана жарияланады", - деп мәлімдеді Астана қаласының денсаулық сақтау басқармасы.
Еске сала кетсек, Астанадағы Балалар жұқпалы аурулар ауруханасында диагнозы "менингококк инфекциясы" екені расталған екі бала жатыр.
Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың айтуынша, 2018 жылдың басынан бері Қазақстанда менингококк инфекциясын жұқтыру күдігімен 593 адам қаралған, олардың 213-і емдеуге жатқызылған. 58 науқастан менингококк инфекциясы расталды. Бүгінге дейін он адам емделіп шығарылды, 55-і емін жалғастыруда.
Бүгін ҚР бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Жандарбек Бекшин Қазақстанның менингиттің шарықтау шегінен өткенін мәлімдеді.