23-24 қыркүйек Астанада Қарғанды және Қызылорда облыстарының ауылшаруашылық жәрмеңкесі өтеді. Бұл туралы Астана қаласы ауылшаруашылық басқармасының басшысы Ардақ Досанов хабарлады, деп жазылды қала әкімдігінің ресми сайтында.
Оның сөзінше, 8 ай ішінде Астанада 50-ге жуық жәрмеңке өткен. Кейбір аймақтар бірнеше рет келген.
"Жәрмеңкелерде біз 8 млн теңгенің 25 мың тоннадан астам өнімін өткіздік. 23-24 қыркүйек Қарағанды мен Қызылорда облыстарының бірлескен жәрмеңкесін ұйымдастыру жоспарлануда. Онда 500 тонна өнім саудаланады", - деді Досанов мырза.
Естеріңізге саламыз, жәрмеңке Қ.Мұңайтпасов көшесіндегі "Қазақстан" спорт кешені аумағында өтеді.
Айта кету керек, елордаға жыл басынан бері дистрибьюторлік арналар арқылы 80 мың тонна азық-түлік жеткізілген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 25-30%-ға көп. Мұндай шаралардың барлығы бағаны бақылауға және барлық тауар топтары бойынша өсім болған жағдайда да өнімдердің жетіспеушілігін, жылдам қымбаттауын болдырмады.