Брифинг барысында Астана қаласы Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Жаңабаев хабарлағандай, "айналым механизмі " аясында бюджеттен 14 млрд теңге бөлінді.
"Әлеуметтік маңызы бар өнімдердің барлық 19 түрі бойынша 35 мың тонна өнім жеткізуге келісімшарт жасалды. Қолданыстағы шарттар бойынша 10 мың тонна көкөніс қоры бар (картоп – 6 006,2 тонна, сәбіз – 1 398,9 тонна, пияз – 1 761 тонна, қырыққабат – 1 292,2 тонна). Алайда қаланың сұранысын өтеу үшін мұндай көлем аздық етеді, сондықтан мамыр-маусым айларына 1 800 тонна көлемінде импорттық көкөністерді жеткізуге келісімшартқа қол қою жоспарлануда", – деп атап өтті спикер.
Сонымен қатар, Астананы қантпен қамтамасыз ету үшін Маркин зауытымен 1,6 млрд теңге сомасына осы өнімнің 3,5 мың тоннасын жеткізуге келісім-шартқа қол қойылды.
Азық-түлік корпорациясы арқылы 5 338 тонна астық көлемінде бірінші сұрыпты арзандатылған ұнды жеткізуге меморандум жасалды.