3-5 шілдеде Астанадағы Radisson Blu Astana қонақ үйінде Шанхай атынан келген ең ірі қытай компанияларының көрмесі өтеді. "Шанхай аптасы" аталатын көрме Шанхай халықаралық сауда-саттыққа жәрдемдесу комитетінің бастамасымен ұйымдастырылып, Қазақстанда алғаш рет өткізілуде.
Көрме қазақстандық компанияларға Қытайда әзірленген ең соңғы технологиялармен танысуға және іскер әріптестерді табуға мүмкіндік береді. Планетаның ең ірі индустрия орталықтарының бірі болып табылатын Шанхай сауда-саттыққа жәрдемдесу комитеті Қазақстанның әртүрлі қалаларымен экономикалық және іскерлік байланысты күшейтуді жалғастыруды жоспарлауда.
Экспозиция Шанхайдан тоғыз корпорацияны ұсынады, олар көрермендерге өздерінің соңғы әзірлемелерін, технологиялары мен жабдықтарын көрсетеді. Энергетика саласында маманданатын Шанхай компаниялары атом электрстанциясы, газ турбиналары, жел электрстанцияларына арналған жабдық, жаңартылатын энергияны өндіру станциялары блогының шағын модельдерін, сонымен қатар баламалы энергия көзі болып табылатын күн сәулесі панелдерінің модельдерін көрсетеді.
Көрме барысында автомобиль саласының бірқатар жаңа өнімдері көрсетілетін болады. Ең ірі азық-түлік өнімдерінің өндірушілері мен тоқыма компаниялары тауарлар мен өнімдерін ұсынады - бұл Қазақстанның шағын және орта бизнес өкілдерін қызықтыруы әбден мүмкін. Құрылыс компаниялары көрмеде әртүрлі шыны түрлерін көрсетеді: ультражұқа, диджитал және энергия үнемдеуші. Химия саласында жұмыс істеуші компаниялар көрме өкілдеріне шаруашылық маңызы бар ең жаңа өнімдерін ұсынады.
Көрмеге кіру тегін.