"5 мамыр күні таңғы сағат 8 шамасында "102" арнасына оқиға куәгерлерінен Янушкевич көшесінің бойында көпірден ер адам секіруге оқталып тұрғаны туралы қоңырау түсті.
Оқиға орнына жақын маңда кезекшілікте жүрген патрульдік полиция қызметкерлері дереу жетті. Ол уақытта ер адам көпірден аяғын төмен салбыратып, секіруге дайын тұрған еді.
"Полиция қызметкері Серғазы Баянбаев жағдайды бағалап, әрекет етуді өз қолын алды. Ол ер адамға жылдам жүгіріп барып, қаумалай құшақтай сала, қауіпті аймақтан суырып шығарды. Алайда ер адам оғаш мінез танытып, полицейдің қолынан босап шыққан. Көмекке полицей Айдос Сүлейменов ұмтылды. Олар ер адамды жұбатып, оны Алматы ауданының полиция басқармасына жеткізді", - делінген полиция хабарламасында.
31 жастағы ер адамды мұндай әрекетке не итермелегенін полицейлер анықтап жатыр.