Астаналық көлік жүргізушісі осыған дейін жолаушыларға өзінің сәбилі болғанын айтып, өтірік көрімдік сұрап келген, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
– Досыммен таксиде келе жатырмыз. Жүргізушіге біреу қоңырау шалды. Ол айғайлап: "Шынымен, босанды ма? Құдайға шүкір!" деді. Досым оны құттықтап, жақсы тілегін жаудырып жатты, ал менің есіме бір ай бұрынғы оқиға түсті. Сонда дәл осы такси жүргізушісі мені әуежайға апарған кезде де қызының туғанына қуанып еді, – деп жазды Әділ Балтабаев.
Көтеріңкі көңіл күйде әңгімесін жалғастырған такси жүргізушісі бірте-бірте жолаушыларға жағдайын айтып, ипотекасын төлеуге 20 мың теңгедей қаржы жетпей тұрғанын жеткізген.
– Мен жүргізушінің айтқалы жатқан сөзін алдын ала досыма жеке хабарламада жазып жібердім, такси жүргізушісі соны сөзбе-сөз қайталайды. "Сүйінші бермейсіздер ме?" дейді. Біз бұл туралы қолдау қызметіне жаздық. Елестетіңізші, ол қанша адамды осылай алдаған, – дейді журналист.
Жазба авторы алғашқыда жүргізуші сөзіне имандай сеніп, 20 мың теңге аударғанын еске алды.
– Мені алдау қиын, бірақ ол өте сенімді болды. Тіпті, осы жолы досым да "қызының туғанын естігенде көзінен жас шықты" дейді. Мүмкін, ол осы әңгімені қайталап айта беріп, өзі де оған сеніп қалған. Абай болыңыздар! – деп ескертті Әділ Балтабаев.
Ал Астана полициясы жазбаға байланысты жедел әрекет етіп, жүргізушіні ұстағанын хабарлады.
– Такси жүргізушісі полиция бөлімшесіне жеткізіліп, оған түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Ол барлығын мойындады, – делінген жазбада.