"Run for autism" шарасы Астана қаласы әкімдігі, "Болашақ" корпоративтік қоры мен өзге серіктестердің қолдауымен ұйымдастырылды.
Кәсіби спортшылар, әуесқой желаяқтар, ерекше балалар және олардың ата-аналары таңертең елордалық Триатлон саябағына жиналды. Жарыс төрт қашықтық бойынша өтті: 1 км-ден 10 км-ге дейін.
"Бүгін мен өзімді, өз күшімді сынап көргім келеді. Біз бәріміз қай жаста болсақ та дұрыс әрі толық өмір сүруіміз үшін өз денсаулығымыздың қадірін біліп, өзімізге қарауымыз тиіс. Әртүрлі елдердің 70, 80, 90 жастағы қарттары өздеріне жаттығулар қолданып, оны ел-жұртпен бірге орындайды. Қазақ елінде де осындай жандар бар. Әрине, мен аутизмі бар балаларға қолдау көрсеткім келеді", - деді 81 жастағы Амангелді Досжанов.
Run for Autism қайырымдылық жарысы қорытындыланған соң қатысушылардың барлығы "Таза Қазақстан" акциясына қолдау көрсетті. Олар спортшылар жүгіріп өткен жолдар мен айналаны қоқыстардан, қағаз бен басқа да пластик бұйымдардан тазартты.
"Ерекше баламның аты-жөні – Әмір Алпамыс, ол 5 шақырымға, ал өзім 2,5 шақырым жүгіріп өттім. Бәрі ойдағыдай өтті. Шарадан кейін экоакцияға қатыстық.Балаларымызбен бірге көрермендер мен спортшылардан қалған қағаздар мен басқа да қалдықтарды жинап, арнайы орынға апардық. Балалар бізге қуана-қуана көмектесті. Жалпы аутизм, басқа да менталдық бұзылыстары бар балалар ересектерге қолғабыс еткенді, көмек көрсеткенді жақсы көреді. Біз ерекше балалардың қоғамға пайдалы бола алатынын, олардың әрқашан көмек көрсетуге дайын екенін жиі айтып жүреміз. Бүгін міне жарыстан кейін бәрі жабылып, айналаны жинап жатыр. Көңіл-күйлері тамаша", - деді Әлия Абдибайтова.
Run for autism жарысынан 13 млн теңгеге жуық қаражат жиналды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл қаржы балабақшаларда аутизм және басқа менталдық бұзылыстары бар балаларға арналған инклюзияны қолдау кабнеттерін ашуға бағытталады.
Айта кетейік, сәуір айының басынан бастап елордада "Таза Қазақстан: Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі" атты экоакциясы өтіп жатыр. Ауқымды экоакция аясында қаланы санитарлық тазарту, нөсер және кәдімгі кәріз желілері, көшелерді, тротуарларды, кварталішілік аумақтарды, қоғамдық кеңістіктер мен аулаларды тазалау жұмыстары жүргізілуде.
Сондай-ақ, жасыл желектерді күтіп-баптау және отырғызу, сауда объектілеріне іргелес аумақтарды жинау, көгалдар мен гүлзарларды орнату, рұқсат етілмеген полигондарды жою және т.б. жұмыстар жүргізіліп жатыр.