17 қаңтарда Астана полициясына қала тұрғыны "Балам-Ай" балаларды дамыту орталығында кәмелетке толмаған ұлына қатыгездік көрсету фактісі бойынша жүгінді, деп хабарлады inbusiness.kz.
Сал ауруы диагнозы қойылған балалардың бірінің анасы орталыққа келіп, камераларды қарап, тәрбиешілердің ұлын жүйелі түрде келеке ететінін анықтаған болатын. Бірнеше жылдан бері балаларын осында алып келіп жүрген ата-аналар да жәбірлеу фактілерін көп көрген.
Қазіргі уақытта елорданың Алматы ауданының полиция бөлімінің қызметкерлері ҚР Қылмыстық кодексінің 140-бабы (Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау) бойынша қылмыстық іс қозғады.
Бұл бапта "Ата-ананың немесе осы міндеттер жүктелген өзге адамның, сондай-ақ педагогтың немесе білім беру, тәрбие, медициналық немесе өзге де қызметкердің кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамауы немесе тиісінше орындамауы қарастырылған. Бұл үшін 160 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға немесе 160 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не сол мерзімге қамауға алу түрінде жаза қарастырылған. Сонымен қатар кінәлі тарап 3 жылға дейінгі мерзімде тиісті қызмет атқара алмайды.
Іс бойынша сараптамалар тағайындалды, оның қорытындысы бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес кінәлі тұлғаларға қатысты шешім қабылданады.