Автобуста аутизмге шалдыққан 6 жасар қызға "бездарная" деп тіл тигізген әйел іздестіріліп жатыр

165

Бала құқығын қорғау комитеті мәлімдеме жасады.

Автобуста аутизмге шалдыққан 6 жасар қызға "бездарная" деп тіл тигізген әйел іздестіріліп жатыр Фото: Бейнежазбадан

Әлеуметтік желіде қоғамдық көлік ішінде ересек әйелдің ерекше қажеттілігі бар балаға кемсітушілік сипаттағы сөздер айтқан бейнежазбасы тараған болатын. ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті осы жағдайға қатысты түсінік берді, деп хабарлайды  inbusiness.kz сайты.

Комитет бұл оқиғаны үлкен алаңдаушылықпен қабылдағанын және аталған жағдай адамгершілік пен құқықтық нормаларға қайшы келетін әрекет екенін атап өтті.

"Мұндай көзқарас қоғамымызда мүлде болмауы тиіс. Қазір бейнематериалда көрініс тапқан азаматшаның жеке басы анықталу үстінде. Балалардың құқықтарын қорғау, олардың тең мүмкіндіктерге ие болуын қамтамасыз ету және инклюзивті білім беруді дамыту – Оқу-ағарту министрлігінің басты бағыттарының бірі. Әрбір бала, оның даму ерекшелігіне қарамастан, құрметке, қорғауға және қоғам өміріне толыққанды қатысуға құқылы. Барша қоғам мүшелерін, әсіресе ересектерді, балалардың ар-намысын таптамауға, олардың құқықтарын қатаң сақтауға және әрдайым қауіпсіз ортаны қамтамасыз етуге шақырамыз. Баланың мүддесі – мемлекеттің білім беру саласындағы саясатында басты орында тұратын құндылық", – делінген Балалардың құқықтарын қорғау комитеті хабарламасында.

Белгілі болғандай, баланың анасы көмек сұрап, "AUTISM KAZAKHSTAN" Ұлттық қауымдастығына хабарласқан.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу