Астанада ерекше спортшылар арасында Happy Sun фестивалі өтті

254

Биылғы фестивальге Астана, Алматы және бес облыстан 60 спортшы қатысты.  

Астанада ерекше спортшылар арасында Happy Sun фестивалі өтті Фото: Astana news

Астанада Даун синдромы бар балалар мен жастар арасында Happy Sun спорт фестивалі екінші рет ұйымдастырылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Биыл жарысқа 60 қатысушы тіркеліп, жеңіл атлетика, жүзу және үстел теннисінен бақ сынады.

Фестивальге Астанадан бөлек, Алматы қаласы, Ақтөбе, Павлодар, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстарынан спортшылар қатысты.

"Бірінші фестиваль бізге үлкен тәжірибе берді. Биыл сол тәжірибені іс жүзінде қолдандық. Спорт жарыстарын ұйымдастыру, төрешілердің жұмысы, қатысушыларға жағдай жасау және жалпы атмосфераны жақсартуға тырыстық. Шынымызды айтсақ, қатысушылардың саны бұдан да көп болуы тиіс еді. Алайда көптеген отбасы үшін елордаға келу және осында бірнеше күнге аялдау шығындары қиындық туғызды", – деді шараның ұйымдастырушысы Евгения Чеботаревская.

Қазір фестиваль бағдарламасына жеңіл атлетика, жүзу және үстел теннисі енгізілген. Ұйымдастырушылар алдағы уақытта дзюдо мен көркем гимнастиканы қосуды жоспарлап отыр.

"Елімізде толыққанды жарыстар өткізу арқылы спортшылардың деңгейін объективті бағалап, мықты құрам жасақтауға болады. Happy Sun-ның негізгі мақсатының бірі де осы. Бұл жүйе алғашқы нәтижесін де беріп үлгерді. Былтырғы фестивальден кейін іріктелген спортшылар Қазақстан құрамасының сапында Ыстанбұлдағы чемпионатқа қатысып, жалпыкомандалық есепте екінші орын алды. Қазақстандық 20 спортшы 48 жүлде жеңіп алған", – деді Евгения Чеботаревская.

Жобаның түпкі мақсаты – балалардың спорт секцияларына тұрақты қатысып, білікті жаттықтырушылардан дайындалуына мүмкіндік беретін жүйе қалыптастыру.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу