Экскурсиялық теплоходтар 1 мамырдан бастап қайтадан қатынай бастайды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Astana Tourism туризмді дамыту орталығында атап өткендей, өзен бойымен серуендеу – тұрғындар мен қала қонақтары арасында ең сұранысқа ие демалыс түрлерінің бірі.
"Есіл бойындағы серуен – Астанадағы танымал туристік бағыттардың бірі. Жыл сайын оған деген қызығушылық жоғары", – деді департамент директоры Саят Оразтай.
"Есіл Астана" кеме қатынасы компаниясының мәліметінше, маусым басталар алдында барлық флот қажетті дайындықтан өткен.
"Барлық теплоходтар сырланып, толық тексерістен өтті. Жолаушылар қауіпсіздігіне ерекше мән берілді: жаңа құтқару кеудешелері сатып алынып, жабдықтар толық тексерілді", – деді компания менеджері Карина Данилко.
Биыл өзен бойымен 45 орындық "Астана KSW-082", 65 орындық "Есиль KSW-092" және "Р-118", сондай-ақ әрқайсысы 30 жолаушыға арналған "КС-192", "КС-201" және "ПР-151" теплоходтары қатынайды.
Сонымен қатар демалыс серуендеріне арналған 12 адамға дейінгі топтарға лайықталған төрт жылдам катер қосылды.