Астанада ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы күрес комитетінің төрағасы Данияр Мейірхан тергеу аяқталғанға дейін қызметінен шеттетілді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Алдын ала мәлімет бойынша, оған қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану және қарамағындағы қызметкерлерге қысым көрсету деректері бойынша күдік келтірілген. Сонымен қатар, комитеттің 20 қызметкері ұжымдық шағым түсіргені белгілі болды.
ҚР ІІМ баспасөз қызметінің хабарлауынша, тексеру жүргізіліп жатқан кезеңде аталған тұлға уақытша қызметтік міндеттерінен босатылған.
Данияр Мейірхан – полиция полковнигі. Ол әр жылдары ҚР ІІМ Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясында басшылық қызметтер атқарған. 2024 жылы Есірткі қылмысына қарсы күрес комитеті төрағасының орынбасары болса, 2024–2025 жылдары комитет төрағасының міндетін атқарушы қызметін атқарған. Ал 2025 жылдың қыркүйегінен бері комитетті басқарған.