Астанада есірткі жарнамалары жойылды

88

Бұл жолы полиция қызметкерлерімен бірге ерікті жастар да көшеге шығып, қаладағы есірткі жарнамасы бар граффитилерді анықтап, жою жұмысын жүргізді. 

Астанада есірткі жарнамалары жойылды Фото: Астана әкімдігі

Астанада есірткі қылмысының алдын алуға бағытталған кезекті рейд өтті, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

Іс-шара "Астана – есірткісіз қала" тұжырымдамасы және "Заң мен тәртіп" қағидаты аясында ұйымдастырылған.

Оған Астана қаласы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы, жергілікті полиция қызметі және "Астана жастары" қозғалысының еріктілері қатысты.

Алдымен барлық жергілікті учаскелік полиция өкілдері жиналып, өздеріне тиесілі аудан бойынша атқарылу керек жұмыс тәртібі туралы нұсқаулықты алды. Содан соң полиция мен ерікті жастар қала көшелерін аралап, есірткі жарнамасы бар орындарды анықтады.

Қала көшелерін аралау барысында тұрғын үйлердің қабырғаларына, қоршауларға және қоғамдық орындарға жазылған есірткіге қатысты жарнамалар анықталып, сол жерде бірден өшірілді.

Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі, полиция капитаны Жандос Сейтеновтің айтуынша, бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді.

"Қазіргі таңда “Астана - есірткісіз қала” тұжырымдамасы мен “Заң мен тәртіп” жобасы аясында 2026-2028 жылдарға арналған кешенді жоспар жүзеге асырылуда. Осыған сәйкес біз жастар ұйымдарымен бірлесіп, қаладағы есірткіге қатысты граффитилерді анықтап, жою жұмыстарын тұрақты түрде жүргіземіз", – деді ол.

Оның сөзінше, мұндай заңсыз жазбалар көбіне учаскелік полиция инспекторлары мен жедел уәкілдердің күнделікті жұмысы барысында анықталады. Сонымен қатар тұрғындардан келіп түсетін хабарламалар да маңызды рөл атқарады.

Ал Байқоңыр ауданы полиция басқармасының учаскелік полиция инспекторы, полиция майоры Қуаныш Мирзаев рейдтің қалай өтетінін түсіндірді.

Бүгін полиция қызметкерлері, әкімдік және ерікті жастар бірлесіп, аумақты аралау жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Аралау барысында есірткіге қатысты жазбалар анықталса, “102” арнасына тіркеліп, тиісті шаралар қабылданады. Қазір оларды өшіру жұмыстары қатар жүргізілуде.

Профилактикалық жұмыстарды уақытылы жүргізу нәтижесінде көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда аз, - деді ол.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу