Жыл басынан бері қала аумағынан есірткі саудасын насихаттайтын 200-ден астам жазу табылған.
Астана қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, есірткі жарнамасы бар граффитилер көбіне тұрғын үйлердің қабырғалары мен түрлі инфрақұрылым нысандарына салынған.
Құқық қорғау органдары мұндай жазуларды анықтау және оларды қаладан жою жұмыстарын күшейткен. Әрбір дерек бойынша тексеру жүргізіліп, заң бұзғандарды жауапқа тарту шаралары қабылданады.

Сонымен қатар жыл басынан бері Астанада ғимараттардың қасбеттері мен қоғамдық инфрақұрылым нысандарына заңсыз граффити салудың 800 дерегі тіркелген.

Полиция қоғамдық орындар мен тұрғын аудандардағы бақылауды күшейткен. Ведомство есірткі жарнамасын тарату және бөтеннің мүлкін бүлдіру заң бойынша жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертті.
Тұрғындар есірткі жарнамасы бар жазуларды немесе өзге де құқық бұзушылықтарды байқаса, 102 нөміріне хабарлай алады.