Қатысушылар ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерде ғылыми атақтар туралы құжаттарды өзара тану жөніндегі келісімді мақұлдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жұмысқа орналасатын мемлекетте сараптама нәтижесі бойынша теріс шешім қабылданбаған болса келісім күшіне енгенге дейін берілген құжаттар да ресми мойындалады. Енді Келісім ратификациялау үшін ЕАЭО елдеріне жолданады, содан кейін құжат күшіне енеді.
Сондай-ақ ЕЭК Кеңесінде ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің зияткерлік көлік жүйелерінің өзара іс-қимылын жетілдіру тұжырымдамасын жүзеге асыру жөніндегі жол картасы бекітілді. Биыл ақпараттық өзара іс-қимылдың базалық сервистерін айқындау, деректер алмасу форматы бойынша ұсыныстар әзірлеу және тиісті құқықтық базаны қалыптастыру жоспарланып отыр.
Отырыс қорытындысы бойынша ЕАЭО кедендік аумағында ветеринариялық дәрілік заттардың айналысын реттеу қағидаларының жекелеген ережелерін, сондай-ақ техникалық регламенттерді әзірлеу жоспарын өзектендіру туралы шешім қабылданды.
Еске салсақ, биыл ЕЭК Кеңесіне Қазақстан төрағалық етеді, оны Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин басқарады.