Астанада футбол жанкүйерлері жаппай төбелес шығарған. Сот осы іс бойынша үкім шығарды. Бұл туралы қалалық соттар мәлім етті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Желіде елордалық "Астана" мен "Жеңіс" футбол командаларының ойынынан кейін жанкүйерлердің төбелес шығарғаны туралы ақпарат тарады.
Астана қалалық әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты "Астана-Арена" стадионының жанында жекпе-жекке шығып, ұсақ бұзақылық жасаған Д.-ға қатысты істі қарады. Ер адамның қоғамдық тәртіп пен тыныштықты бұзғаны жазылған.
Д.-ның әрекеттері ӘҚБтК-нің 434-бабы 1-бөлігі бойынша сараланған.
"Сотта Д. төбелестің мән-жайларын растады, кінәсін мойындап, өкініп, қақтығысты бетперде киген адамдар тудырғанын, олардың футбол клубының жанкүйерлері болуы мүмкін екенін айтты. Құқық бұзушылықтың мән-жайы оқиға орнынан түсірілген бейнежазбамен расталды. "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" кодекстің 434-бабы 1-бөлігінің санкциясында 20 АЕК мөлшерінде айыппұл не 5-тен 15 тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алу көзделеді", - делінген хабарламада.
Сот 10 тәулік түріндегі қамауға алу шарасын қоғамға теріс әсер ететін және қоғамға құрметсіздік көрсетуге бағытталған, орынсыз мінез-құлықта көрсетілген жасалған іс-әрекеттің дәрежесі мен сипатын ескере отырып тағайындады.
Қаулы заңды күшіне енген жоқ.