Астанада гуманоидты роботтар мен Embodied AI технологияларын дамытуға бағытталған маңызды келісімге қол қойылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Келісім QAZBOT ROBOTICS FORUM 2026 аясында Astana Innovations, QAZBOT Technologies және AgiBot компаниялары арасында жасалды. Форум alem.ai халықаралық жасанды интеллект орталығында өтіп, робототехника, жасанды интеллект, бизнес және технология саласының сарапшыларын бір алаңға жинады.
Іс-шара барысында Қазақстандағы Robotics & AI индустриясының даму перспективалары, роботтарды жергіліктендіру, ғылыми-зерттеу жұмыстарын күшейту, AI-модельдер мен бағдарламалық шешімдерді жетілдіру мәселелері талқыланды.
Меморандум аясында робототехникалық және AI-шешімдерді әзірлеу, бейімдеу, сынақтан өткізу, пилоттық жобаларға енгізу және кейіннен масштабтау бойынша бірлескен жұмыстар жүргізіледі.
Тараптар роботтарды қалалық инфрақұрылым, өнеркәсіп, логистика, медицина, білім беру және сервистік қызмет салаларына енгізу мүмкіндіктерін қарастырады. Сонымен бірге инженерлерді даярлау, тәжірибе алмасу және технологияларды Қазақстан жағдайына бейімдеу бағыттарына басымдық берілмек.
Astana Innovations өкілінің айтуынша, халықаралық тәжірибе мен жергілікті технологиялық мүмкіндіктерді біріктіру робототехника саласындағы отандық құзыреттерді дамытуға мүмкіндік береді.
Форум барысында "AI & Robotics: болашақ экономикасын қалыптастыру" тақырыбында пленарлық сессия өтіп, бизнес пен мемлекеттік сектор өкілдері арасында B2B кездесулер ұйымдастырылды.
AgiBot гуманоидты роботтар мен Embodied AI технологияларын әзірлейтін халықаралық компания болса, QAZBOT Technologies Қазақстанда робототехника мен жасанды интеллект шешімдерін дамыту және жергіліктендірумен айналысады.