Астанада Халықаралық 57-ші Менделеев олимпиадасы басталды

575

Халықаралық олимпиадаға 20-дан астам елдің оқушылары қатысады. 

Астанада Халықаралық 57-ші Менделеев олимпиадасы басталды Фото: youtube.com

Елордада 1-6 мамыр аралығында мектеп оқушыларының химия пәні бойынша Халықаралық 57-ші Менделеев олимпиадасы өтеді, деп хабарлайды inbusiness.kz. Оған 20-дан астам елден келген оқушылар қатысады. Оның ішінде Ресей, Австрия, Сауд Арабиясы, Армения, Израиль, Өзбекстан және басқа да мемлекеттерден қатысушылар бар. Команда құрамалары бұған дейінгі ұлттық химия олимпиадаларының нәтижесінде анықталып, іріктелген.

Біздің еліміздің намысын бұл додада 15 оқушы қорғайтын болады.

"Балалар арасындағы химиядан Халықаралық Менделеев олимпиадасы біздің елімізде осымен төртінші рет өткізілуде. Бұл жылы негізгі іс шаралар Астанада өтеді. Атап айтқанда, оқушылар өз білімдерін техникалық жабдықталуы олимпиада талаптарына сай келетін Nazarbayev University лабораториялары мен аудиторияларында сынға салатын болады", – дейді "Дарын" РНПЦ директоры Гаждембек Тұрсұнов.

Олимпиада алты күнге созылады және үш кезеңнен тұрады: екеуі теориялық және біреуі тәжірибе жүзінде өтеді.

Олимпиада ұйымдастырушылар – Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі,  М. В. Ломоносов атындағы ММУ-нің химия факультеті мен Андрей Мельниченко атындағы қор.

Олимпиада қорытындысы бойынша қатысушыларға сертификаттар мен естелік сыйлықтар, жеңімпаздар мен жүлдегерлерге дәрежелері бойынша дипломдар мен медальдар табысталады. Абсолютті жеңімпазға жарысты ұйымдастырушылар тағайындаған академик Валерий Лунин атындағы сыйақы тапсырылады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу