Елордада үздік мұз мүсіндер таңдалды. Астаналық команда "Синдбад мореход и дракон" жұмысымен екінші орынға ие болса,байқаудың бас жүлдесін Ақмола облысының "Степняки" командасы "Степное притяжение" жұмысымен қанжығасына байлады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Есіл ауданы әкімдігі мұз ɵнерi хас шеберлерiнің "Шығыс ертегісі: Астананың 101 түні" тақырыбында өткен байқаудың қорытындысын шығарды. Шара Ботаникалық саябақта өтті. Байқауға Қазақстан, Ресей, Қытайдан 14 командасы қатысты.
Қазақстандық команданы Ақтөбе, Қарағанды, Ақтау, Орал, Риддер, Қызылорда, Талдықорған, Қостанай, Ақмола облысының мүсіншілері таныстырды. Ал Астана намысын "Ice master" командасы қорғады.
"Мұздан жасалған мүсіндер конкурсы да аяқталды. Барлық қатысушыларға өз алғысымды білдіремін. Кейбірі бұл конкурсқа алғаш рет қатысса, енді бірі өз бағын тағы да бір мәрте сынады. Барлық мүсіндер өте әдемі, бар ынтамен жасалғаны көрініп тұр. Сіздердің мүсіндеріңіз Ботаникалық саябаққа келушілерге көктемге дейін көтеріңкі көңіл-күй сыйлайтын болады", -- деді Есіл ауданы әкімінің орынбасары Әнуар Қайыржанов.
Шеберлер жұмыстарын бағалаған қазылар алқасының құрамында Суретшілер одағының, БАҚ және қоғамдық ұйымдардың өкілдері болды. Қатысушылар сертификаттармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Бас жүлдені Ақмола облысының командасы жеңіп алды. Ал бірінші орын Қытайдан келген командаға, екінші орын астаналық командаға, үшінші орын Гонконгтан келген командаға бұйырды.