Шараны көрнекті қазақстандық спортшы, түрлі әлем чемпионаттарының жеңімпазы Динара Сәдуақасова басқаратын Шахмат академиясы өткізуде. Фестиваль – қазақ шахматсүйер қауымы үшін бірегей оқиға, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Шарада ҚР Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов сөз сөйледі. Ол елімізде спорттың, оның ішінде шахмат сияқты зияткерлік ойынның дамуына қолдау көрсетіліп, ілгерілеп келе жатқанын атап өтті.
"Бұл шараға еліміздің жиырма өңірінен қатысушылар келіп жатыр. Сіздерге ризашылығымды білдіргім келеді. Қаншама қазақтың балаларын көріп қуанып жатырмыз. Ең алдымен балалардың ата-аналарына алғыс айтамыз. Біздің жастарымыздың әлеуеті өте зор", - деді министр.
Фестиваль аясында төрт турнир өтеді: ерлер мен әйелдер арасындағы Қазақстан кубогының кезеңі, әуесқойлар, балалар арасындағы бәсеке және блиц-ойын.
Қазақстандық шахматшыларға берілген керемет мүмкіндік, олар жарысты еркін тамашалай алады, тәжірибе жинақтайды, тіпті, кейбірі турнир кезінде фестивальге қатысатын 20-дан астам гроссмейстермен ойнай алады.
Фестиваль аясындағы барлық турнирдің жүлде қоры рекордтық сома 40 миллион теңгені құрады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл – қатысушылар үшін қосымша ынталандыру. Айта кету керек, бұл сома аясында арнайы жүлделер әйелдерге де, шахмат ардагерлері мен балаларға да қарастырылған.