Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен БҰҰ Бас Ассамблеясы 2026 жылды Тұрақты даму мақсаттарындағы Халықаралық волонтерлер жылы деп жариялаған болатын.
Отырысқа БҰҰ Еріктілер бағдарламасының атқарушы үйлестірушісі Тойлы Құрбанов, сондай-ақ мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың және волонтерлік бірлестіктердің өкілдері қатысады.
Қазір Қазақстанда волонтерлік қызмет қарқынды дамып, түрлі салаларды қамтып отыр. Елімізде 755 волонтерлік ұйым тіркелген, ал еріктілікпен айналысатын азаматтардың жалпы саны 275 мыңнан асады. Волонтерлік қызметтің басты бағыттарына қарттар мен жалғызбасты жандарға көмек көрсету, өмірлік қиын жағдайдағы азаматтарды қолдау, экологиялық волонтерлік пен төтенше жағдайлардың зардаптарын жою кіреді.
Елімізде волонтерлік қызметтің құқықтық негіздері қалыптасқан. "Волонтерлік қызмет туралы" заң қолданыста, сондай-ақ волонтерлікті 2026 жылға дейін дамытудың жол картасы жүзеге асырылуда.
Волонтерлік қызметті үйлестіру мақсатында "Qazvolunteer.kz" онлайн платформасы жұмыс істейді. Платформа волонтерлер мен ұйымдарды біріктіріп, жүзеге асырылып жатқан жобалар мен қатысу мүмкіндіктері жөнінде ақпарат ұсынады. Бұдан бөлек, еліміз бойынша волонтерлік бастамаларды қолдау мен мониторинг жүргізуді қамтамасыз ететін Ұлттық фронт-офис қызмет атқарады.