Бүгін Family Village коттедж қалашығында Қазан хандығының ханшайымы Сүйінбике атындағы жаңа көше ашылды. Салтанатты шараға қала әкімі Әсет Исекешев пен Татарстан Республикасының Президенті Рустам Минниханов қатысты, деп хабарлайды astana.gov.kz.
– Былтырғы жылдың қазан айында біз Астанада Татарстан уәкілдігінің мекемесін салтанатты түрде ашқан болатынбыз, ал бүгін ханшайым Сүйінбике атындағы көше ашылып жатыр. Бұл – ортақ тарихи тамырдың тереңдігі мен халықтар арасындағы берік достықтың нышаны деп санаймын. Елорда тұрғындарын және татар серіктестерін бүгінгі маңызды оқиғамен құттықтаймын, - деді Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев.
Ханшайым Сүйінбике көшесі – осымен елордада татар халқының өкілдеріне берілген екінші көше. "Сарыарқа" ауданында Кеңес одағының батыры, татар ақыны, Мұса Жәлел атындағы көше бар.
- Біз бүгін бұрынғыдан да жақындай түстік. Біз ағайынды халықпыз, бұл көшенің ашылуы – аса маңызды әрі тарихи оқиға. Біздің астанамызда Нұрсұлтан Назарбаев атындағы тамаша көше бар. Осындай қадамдар бізді жақындастыра түсері сөзсіз. Қазақстан президентіне, Астана қаласының әкімі Әсет Исекешевке және ханшайым Сүйінбике атындағы көшенің ашылуына шешім қабылдаған барлық тұлғаларға алғысымыз шексіз. Достығымызды нығайтатын осындай мүмкіндіктердің болғанына қуаныштымын. Барлық қазақстандықтарды ЭКСПО көрмесінің ашылуымен құттықтаймын және әлемдік деңгейдегі шараның лайықты өтуіне тілектеспін, - деді Татарстан Республикасының президенті Рустам Минниханов.
Ханшайым Сүйінбике атындағы көшенің ашылуына халықаралық "Алаш" әдеби сыйлығының иегері, еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі Шарбан Бейсенова, ақын, филология ғылымдарының докторы Жанат Әскербекқызы мұрындық болды. Ханшайымның мүсінін Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, Татарстан Республикасының халық суретшісі, Қазақстан мен Татарстанның мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты, Ресей және Қытай Халық Республикасының суретшілер академиясының құрметті мүшесі Кәміл Муллашев дайындады.