Астана күніне арналған мерекелік іс-шаралар аясында 5–6 шілде күндері елордада III Халықаралық көше қойылымдары фестивалі ұйымдастырылады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жыл сайын өтетін бұл мәдени шара Қазақстан мен шетелден келген әртістерді біріктіріп, қаланың көшелері, алаңдары мен саябақтарын заманауи театр өнерінің ашық сахнасына айналдырады.
Екі күн бойы қала тұрғындары мен қонақтары ашық аспан астында өтетін ерекше қойылымдарды тамашалап, көше театрының түрлі жанрларымен таныса алады. Фестивальдің басты мақсаты – театр өнерін дәстүрлі сахнадан тыс кеңістікке шығару, оны баршаға қолжетімді ету және көрермен мен әртіс арасындағы тікелей шығармашылық байланысты нығайту.
Фестивальдің салтанатты ашылуы 5 шілде күні өтеді. Сағат 13:00-де Амфитеатр ғимаратынан басталатын халықаралық мерекелік шеру Атырау көпірі арқылы өтіп, Қалалық алаңда аяқталады. Мұнда көрермендерге арнайы перформанстық бағдарлама ұсынылады. Шеруге көше театры мен заманауи перформанс өнерінің түрлі бағыттарында жұмыс істейтін шығармашылық ұжымдар қатысады.
Фестивальге Қазақстанның алты көше театры қатысады. Атап айтқанда, "Tamenov Show" (Алматы), "Академия шоу" (Астана), "Театр для моей птички" (Алматы), "Тотальный театр" (Алматы), "ArtиШок" (Алматы) және "А3" (Астана) ұжымдары өнер көрсетеді. Халықаралық бағдарлама аясында Санкт-Петербург қаласынан келген "АспектР" көше театры да қатысады.
Негізгі іс-шаралар 5 шілде күні сағат 14:00-де Қалалық алаңда және 6 шілде күні сағат 14:30-да "Жетісу" саябағында өтеді.
III Халықаралық көше перформанстары фестивалі Астана күні мерекесінің ең жарқын мәдени оқиғаларының біріне айналып, қала тұрғындары мен қонақтарына ерекше әсер мен жаңа мәдени тәжірибе сыйламақ.