Астанада профилактикалық егу жұмысының арқасында дифтерия, сіреспе, полиомиелит және тағы басқа вакцинамен басқарылатын инфекциялар тіркелмейді. Бұл туралы Иммундау апталығына арналған брифингте Астана қаласының денсаулық сақтау басқармасының, қоғамдық денсаулықты қорғау департаментінің және Астана қаласының салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының өкілдері мәлім етті.
Иммундау апталығы халыққа вакцина-профилактика мәселесі жөнінде ақпарат тарату деңгейін көтеруге, азаматтарды міндетті иммундауға тарту, теріс ойдағы адамдарға ақпаратты жеткізу мақсатын көздейді.
Әр елдің бекітілген Ұлттық екпе күнтізбесі мен халыққа екпе жасалатын жұқпалы аурулардың тізімі бар. Қазақстанда бұл тізім үкімет қаулысымен бекітіледі. Елімізде вакцинациялау республикалық бюджет есебінен жүргізіледі.
Қазақстанда вакцинациялау тегін жүргізіледі, және әр азамат үшін, тіпті шетелдік үшін де қолжетімді. Жыл сайын иммундау миллиондаған адамның өмірін сақтап отыр. Бүгінгі күні иммундауға балама жоқ.
Орталық қызметкерлері қала тұрғындарын акцияға қатысып, медициналық қызметкерге қолдау көрсетуді ұсынды.