Астана әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында қалада инватакси санының үш есеге артқанын мәлімдеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты қала әкімдігіне сілтеме жасап.
"Мүмкіндігі шектеулі жандармен және қоғамдық ұйымдардың өкілдерімен, сол сияқты ерекше балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналармен тұрақты түрде кездесіп тұрамын. Бірлесе отырып, ерекше қажеттіліктері бар адамдардың өмір сүру жағдайын жақсартамыз", - деді шаһар басшысы.
Кездесуде инватакси, халықтың қауқары аз топтары үшін қолжетімді орта, тротуарлар мен аялдамалардың ыңғайлылығы және т.б. мәселелерді талқыланды.
"Жаңа қоғамдық кеңістіктер мен аулаларды, жаяу жүргіншілер тротуарлары мен жолдарды абаттандыру барысында барлық санаттағы адамдардың мүдделерін ескереміз.
Сондай-ақ маңызды мәселе – инватакси. Жыл сайын инватакси санын көбейтіп жатырмыз. Мәселен, бұрын 50 машина болса, алғашқы кезеңде 113 машинаға дейін арттырдық. Қазір инватакси саны – 147. Бірақ бұл да қаланың қажеттілігін толық қамти алмайды. Сол себепті олардың санын арттыруды ары қарай да жалғастырамыз.
Сонымен қатар, мектептер мен балабақшаларда инклюзияны қолдау кабинеттерін ашуды, осы санаттағы адамдармен жұмыс істеу үшін мамандарды оқытуды жалғастырамыз. Сол сияқты колледж базасында ерекше қажеттіліктері бар балаларды жаңа мамандықтар бойынша және т.б. оқытамыз.
Кездесу барысында көтерілген мәселелерді шешу жұмысы қолға алынды", - деп жазды елорда әкімі.