Астанада Ironman 70.3 турнирі өтіп жатыр

443

IRONMAN сайысына биыл әлемнің түкпір-түкпірінен 1 200-ден астам спортшы жиналды. 

Астанада Ironman 70.3 турнирі өтіп жатыр Фото: Астана қаласының әкімдігі

Іс-шараның салтанатты ашылуына Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов, елорда әкімінің орынбасары Ерлан Бекмұрзаев, BI Group директорлар кеңесінің төрағасы Айдын Рахымбаев, "Freedom Life" компаниясының директорлар кеңесінің мүшесі Азамат Ердесов қатысты.

"Баршаңызды спорт мерекесімен құттықтаймын!

Ironman жыл сайын елорда төрінде ұйымдастырылып келе жатыр. Биылғы жарысқа 1 200 қатысушы тіркеліп, оның 400-і шетелден келген.

Алдағы уақытта бұл айтулы іс-шара жалғасын табады деп сенемін", – деп Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов өз тілегін білдірді.

Шетелдік қатысушылардың көпшілігі Үндістаннан келді – 150-ден астам спортшы.

Сондай-ақ, Ұлыбритания, Германия, Польша, Швейцария, Италия, АҚШ сияқты елдерден көптеген спорт туристері келді.

Жарыстың ең жас қатысушысы – 18 жаста, ал ең егдесі – 76 жастағы Марат Балтабаев.

Осы орайда 76 жастағы Марат Балтабаев Ironman жарысы жайлы ойымен бөлісті.

"Бүгін триатлон сайысына (1,9 шақырым жүзу, 90 шақырым велосипедпен жүру, 21 шақырым жүгіру) қатысуды жоспарлап отырмын. Негізі былтыр осы белесті бағындыруым керек еді. Алайда жарыс басталмас бұрын бір жігіттің гидрокостюммен жүзген ыңғайлырақ деген кеңесін тыңдап, алғаш рет киіммен жүздім. Бірақ гидрокостюм қолымның созылуына кедергі жасап, жарысты ерте аяқтауға мәжбүр болдым.

Биыл ешқандай тосын сыйсыз өзімнің үйренгенімдей жүзіп өтіп, мәреге жетуге тырысамын", – деді ол start сызығының алдында.

Жарыстың қашықтығы 2-ге бөлінеді:

Жартылай – 1,9 шақырым жүзу, 90 шақырымды велосипедпен өту, 21 шақырымды жүгіру.

Толық – 3,8 шақырым жүзу, 180 шақырымды велосипедпен өту, 42 шақырымды жүгіру.

Елімізде өтіп жатқан ірі турнирдің сәтті өтуіне 800-дей ерікті атсалысып, тамақтану пунктерінде, жинақтарды алу аймағында және бүкіл жарыс бағытында көмектеседі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу